Соболенко Бейлекке есе жіберіп, Цинциннатидегі турнирден шығып қалды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің ширек финалына шыға алмады. Ол чехиялық Сара Бейлекке (WTA рейтингі бойынша 35-орын) есе жіберді.

Кездесу 1 сағат 57 минутқа созылып, 7:6, 6:4 есебімен аяқталды. Бұл теннисшілердің өзара өткізген алғашқы матчы болды.

Матч барысында Соболенко бірде-бір эйс жасамады, төрт рет қосарланған қателікке жол берді және алты брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ал Бейлек үш рет эйс жасап, қосарланған қателікке жол бермеді және 11 брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырды.

Ширек финалда Бейлек америкалық Мэдисон Кизбен (WTA 24) кездеседі. Бұған дейін теннисшілер бір-бірімен кездеспеген.