Басты бет
·
Lifestyle

Стивен Спилберг пен Майкл Бэй «Трансформерлер» фильмдеріне қайта оралады

Бекарыс Әлімхан··
Стивен Спилберг пен Майкл Бэй «Трансформерлер» фильмдеріне қайта оралады

Стивен Спилберг «Трансформерлердің» жаңа бөлімін жасауға атқарушы продюсер ретінде қатысады. Ал Майкл Бэй режиссерлік қызметке қайта оралу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Deadline мәліметінше, жаңа көркем фильмді Paramount Pictures пен Hasbro компаниялары бірлесіп әзірлейді. Жоба әзірге бастапқы кезеңде, ал Бэймен соңғы келісім әлі жасалған жоқ.

Фильмнің сценарийін «Оно: Добро пожаловать в Дерри» сериалымен жұмыс істеген Джейсон Фукс жазды. Оқиға қазіргі заманда өрбиді деп жоспарланып отыр. Алайда фильмнің сюжетіне қатысты нақты мәліметтер әзірге құпия сақталуда.

Спилберг франшизамен 2007 жылы алғашқы «Трансформерлер» фильмі шыққан кезден бері бірге жұмыс істеп келеді. Ол серияның кейінгі фильмдерінде де атқарушы продюсер болды. Ал Бэй түпнұсқа фильмнен бастап 2017 жылғы «Трансформерлер: Соңғы рыцарь» картинасына дейінгі бес фильмге режиссерлік етті. Оның фильмдері әлемдік прокатта жалпы 4 миллиард доллардан астам қаржы жинаған.

Айта кетейік, Бэй франшизадан кеткеннен кейін де «Трансформерлер» сериясы жалғасын тапты. 2018 жылы Трэвис Найт режиссерлік еткен «Бамблби», 2023 жылы Стивен Кейпл кіші түсірген «Трансформерлер: Аңдар көтерілуі» фильмдері жарыққа шықты. Ал 2024 жылы Оптимус Прайм мен Мегатронның алғашқы тарихына арналған «Трансформерлер: Басталуы» анимациялық фильмі көрерменге жол тартты.