Тарихи алтын: семсерлесуден әлем чемпионатының қорытындысы

Аружан Талғат··
Фото: kazakhstan_fencing

Фото: kazakhstan_fencing

Қазақстан құрамасы Гонконгта өткен семсерлесуден әлем чемпионатындағы өнер көрсетуін аяқтады. Соңғы жарыс күні командаға жаңа жүлде әкелген жоқ.

Алғаш болып жарыс жолына әйелдер арасындағы рапирашылар шықты. Қазақстандық София Ақтаева, Алина Искандерова және Алена Гноева турнирді Ресей құрамасынан 16:45 есебімен жеңіліспен бастап, жарысты аяқтады.

Сабляшылар да бастапқы кезеңнен аса алмады. Артем Саркисян, Қуаныш Ергашбай, Құрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан Испания құрамасына 37:45 есебімен жол беріп, әлем біріншілігін аяқтады.

Осылайша, Қазақстан чемпионатты бір медальмен қорытындылады. Бұл жүлде тек жалғыз ғана емес, тарихи алтын болды. Бір күн бұрын ерлер арасындағы шпагашылар құрамасы — Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаймов ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Финалдық кездесуде қазақстандық шпагашылар Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, отандық семсерлесу тарихына жаңа парақ жазды.