Тимофей Скатов Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің іріктеу финалына шықты

ҚТФ
Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Шанхайда өтіп жатқан ATP-1000 турнирінің іріктеу кезеңінің финалына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 204-орында тұрған Скатов іріктеудің алғашқы кезеңінде ATP рейтингінде 134-сатыда тұрған Грекия өкілі Стефанос Сакелларидисті сенімді түрде жеңді.
Кездесу Скатовтың екі сеттегі 6:3, 6:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Теннисшілер кортта 1 сағат 28 минут болды.
Шанхай, ATP-1000, ерлер, іріктеу кезеңі
Скатов (Қазақстан) – Сакелларидис (Грекия) – 6:3, 6:2
Енді Скатов турнирдің негізгі кезеңіне шығу үшін шешуші матч өткізеді. Оның қарсыласы ATP рейтингінде 184-орында тұрған австралиялық Бернард Томич болады.
Бұған дейін Томич әлемдік рейтингте 17-орынға дейін көтерілген. Шанхайдағы іріктеудің алғашқы кезеңінде австралиялық Теренс Атманмен кездесті. Матч үшінші сетте мерзімінен бұрын аяқталды – Атман ойыннан бас тартты.
Айта кетейік, Шанхайдағы ATP-1000 турнирінің негізгі кезеңі 7 қазанда басталады.