«Тобыл» Конференция лигасының плей-офф кезеңінде «Хетафемен» кездесуі мүмкін

«Тобыл» ФК
«Тобыл» еурокубоктағы келесі қарсыласы кім болуы мүмкін екенін білді. Конференция лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф жеребесі қорытындысы бойынша «Тобыл» – «Партизан» жұбының жеңімпазы Испанияның «Хетафе» клубымен ойнайды.
Егер қазақстандық клуб сербиялық қарсыласынан өте алса, алғашқы матч 20 тамызда Испанияда өтеді, ал қарымта кездесу 27 тамызда Қостанайда ұйымдастырылады.
Бұған дейін Мирослав Ромащенко шәкірттері екінші іріктеу кезеңінен сәтті өткен болатын. Литваның «Паневежис» клубына қарсы өткен екі матчта 180 минут ішінде жеңімпаз анықталмай, жалпы есеп 2:2 болды. Жолдаманың тағдыры пенальти сериясында шешіліп, онда «Тобыл» футболшылары 3:2 есебімен басым түсті.
Енді қостанайлықтарды тағы бір маңызды сынақ күтіп тұр, ол Белградтың «Партизан» клубымен екі матчтық текетірес. Осы жұптың жеңімпазы Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама үшін күресті жалғастырып, «Хетафемен» кездесуге мүмкіндік алады.