Тони Кроос Аргентина – Мысыр матчы төңірегіндегі дау туралы пікір білдірді

Фото: Getty Images
Мадридтің «Реал» клубы мен Германия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Тони Кроос Аргентина мен Египет арасындағы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы матчтан кейін туындаған сын-пікірлерге қатысты өз ойын білдірді.
Неміс футболшысының пікірінше, жеңілісті бір ғана даулы эпизодпен немесе төрешілердің шешімімен түсіндіру дұрыс емес. Ол мысырлықтардың кездесуді жақсы бастап, есепте лайықты түрде алға шыққанын, алайда кейін қарсыласқа ойын тізгінін беріп қойғанын атап өтті.
«Әлемдегі ең үздік құрамалардың біріне қарсы 2:0 есебімен алда келе жатып, ойын бақылауын жоғалтуға болмайды. Аргентина мінез көрсетті, соңына дейін сенімін жоғалтпады және қарсыластың қателіктерін орынды пайдаланды», – деді Кроос.
Бұрынғы футболшының айтуынша, VAR мен төрешілік туралы әңгімелер аргентиналықтардың ойын сапасын көлеңкеде қалдырды. Оның сөзінше, жеңіс төрешілердің шешімінен емес, шеберлік, қарқын және дұрыс психологиялық дайындықтың арқасында келеді.
«Мұндай матчтардан кейін әрдайым түрлі күмән мен әңгімелер пайда болады. Бірақ төрешілерді кінәлап, жеңісті біреуге сыйлап қойды деу әділетсіз. Кейде қарсыластың шешуші сәттерде мықты болғанын мойындау керек», – деп қосты Кроос.
Еске салайық, әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентина Египетті 3:2 есебімен жеңіп, ерік-жігерін танытты. Матчтан кейін мысырлықтардың бас бапкері Хоссам Хассан нәтижені «қолдан жасалған» деп атап, Египет футбол федерациясы төрешілердің даулы шешімдеріне байланысты ФИФА-ға шағым түсірді. Кейін ФИФА президенті Джанни Инфантино мысырлық тарапты жеңілістің себептерін өз ойындарынан іздеуге шақырды.