Тони Кроос Германияның әлем чемпионатынан шығып қалуын сынады

Фото: Getty Images
Тони Кроос Германия құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатынан шығып қалуына қатысты пікір білдірді.
Германия құрамасы турнирдегі өнерін 1/16 финал кезеңінде аяқтады. Парагвайға қарсы матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталып, кейін пенальти сериясында немістер 3:4 есебімен жеңіліс тапты.
Жеңілістен кейін Германия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Тони Кроос команданың қазіргі деңгейін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, немістер құрамында талантты футболшылар бар, алайда олар әзірге ірі матчтардың тағдырын шешуге қабілетті екенін дәлелдеген жоқ.
«Қазіргі уақытта біздің құрамамызда әлемдік деңгейдегі бірде-бір футболшы жоқ. Үлкен әлеуеті бар ойыншылар бар, олар бұл деңгейге жетуі мүмкін, бірақ әзірге жеткен жоқ. Әлемдік деңгейдегі ойыншылар өздерін дәл әлем чемпионатында көрсетеді, маңызды голдар соғып, матчтардың тағдырын шешеді. Қазір Германияда ондай футболшылар жоқ, мұны ашық мойындау керек», – деді Кроос «Кроос & Кроос: Әлем чемпионаты микроскоп астында» шоуында.
Еске сала кетейік, аңызға айналған жартылай қорғаушы Еуро-2021 турнирінен кейін Германия құрамасындағы мансабын аяқтаған болатын. Алайда ол Еуро-2024 алдында ұлттық құрамаға қайта оралып, өз елінде өткен турнирде командаға көмектесті. Немістер ширек финалда Испаниядан жеңілгеннен кейін Тони тек халықаралық емес, жалпы кәсіби мансабын толықтай аяқтады.