Тунис құрамасы жаңа бас бапкер тағайындады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Transfermarkt

Фото: Transfermarkt

Тунис футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне Моайн Шаабанидің тағайындалғанын жариялады. 51 жастағы маманмен келісімшарт 2030 жылғы әлем чемпионатына дейін жасалды.

Жаңа бас бапкердің штабына Мурад Эль Малики мен Саифаллах Хосни (ассистенттер), Халед Эль Мегзауи (қақпашылар бапкері), Хатем Булила (дене дайындығы жөніндегі бапкер) және Виссем Сафват (талдаушы) кірді.

Шаабани бұл қызметте Эрве Ренарды алмастырды. Француз маманы ӘЧ-2026 турнирі барысында Сабри Лямуши қызметінен босатылғаннан кейін құраманы тізгіндеген еді. Алайда ол жағдайды түзете алмай, екі матчтан кейін қызметінен кетті.

ӘЧ турнирінде Тунис құрамасы топтық кезеңдегі барлық үш ойында жеңіліс тапты: Швециядан (1:5), Жапониядан (0:4) және Нидерландтан (1:3).

Клубтық мансабында Шаабани «Эсперанс» клубымен екі рет (2018 және 2019 жылдары) КАФ Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Сондай-ақ 2025 жылы марокколық «Ренессанс Беркан» командасын КАФ Конфедерациялар кубогының жеңісіне жеткізді.