Басты бет
·
Футбол

«Удинезе» «Астана» жартылай қорғаушысы Башичке қызығушылық танытты

Бекарыс Әлімхан··
«Удинезе» «Астана» жартылай қорғаушысы Башичке қызығушылық танытты

«Астана» мен Босния және Герцеговина құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Башич италиялық «Удинезе» клубының назарына ілікті. Клуб қысқы трансферлік кезең қарсаңында құрамын күшейтуді көздеп отыр.

Tuttoudinese порталының мәліметінше, италиялық клубтың скауттары жартылай қорғаныстың бірнеше позициясында ойнай алатын 24 жастағы футболшыны бақылап жүр. Башич команданы күшейтуге үміткер ойыншылардың бірі ретінде қарастырылуда.

Босниялық футболшыға қызығушылық танытуға «Удинезенің» қазіргі кадрлық жағдайы себеп болған. Дереккөздің хабарлауынша, Санди Ловрич бапкерлер штабының жоспарына енбейді. Ал Ойер Сарага мен Ленон Миллердің өнері бас бапкер Коста Руньяичті толық қанағаттандырмайды. Осыған байланысты клуб қаңтар айында орталық жартылай қорғаушыны сатып алу мәселесіне қайта оралуы мүмкін.

Башичтің әмбебаптығы италиялықтардың назарын аударған. Сол аяғымен жақсы ойнайтын футболшы алаң ортасында, шабуылдаушы жартылай қорғаушы позициясында және қорғанысқа жақын аймақта өнер көрсете алады.

Айта кетейік, Башич 2025 жылдың жазында ресейлік «Оренбургтен» еркін агент ретінде кетіп, «Астанаға» қосылды. Ол Ресей клубында 2022 жылдан бері ойнаған. Босниялық футболшының елордалық клубпен келісімшарты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.

Қазақстан Премьер-лигасының биылғы маусымында жартылай қорғаушы 20 матч өткізіп, төрт гол соқты. Transfermarkt мәліметі бойынша, оның нарықтық құны 1,5 миллион еуроны құрайды.

Сонымен қатар Иван Башич Босния және Герцеговина құрамасында өнер көрсетеді. Ол ұлттық құрамамен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысты.

«Удинезе» «Астана» жартылай қорғаушысы Башичке қызығушылық танытты – sport-hub