УЕФА «Партизан» – «Тобыл» матчының бас төрешісін тағайындады

Фото: Getty Images
УЕФА Конференциялар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі Сербияның «Партизан» және Қостанайдың «Тобыл» командалары арасындағы алғашқы матчқа қызмет көрсететін төрешілер бригадасын жариялады.
Кездесудің бас төрешісі болып Португалия өкілі Луиш Годиньо тағайындалды. 40 жастағы рефери Белградтағы ойынға португалиялық төрешілер бригадасын бастап шығады.
Луиш Годиньо қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Өткен маусымда ол Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Миланның «Интері» мен Алматының «Қайраты» арасындағы кездесуге төрелік еткен болатын. Сол ойында «Джузеппе Меацца» стадионында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен.
Бұл кездесу португалиялық төрешінің Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі әзірге жалғыз матчы әрі қазақстандық клуб қатысқан алғашқы ойын болды.
Годиньо бұған дейін «Партизанның» да бір ғана матчын басқарған. 2019 жылдың тамызында ол Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуде Белград клубы мен Уэльстің «Коннахс-Куэй Номадс» командасы арасындағы ойынның бас төрешісі болды. Ол матчта сербиялық клуб 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Бас төрешіге оның отандастары көмектеседі. VAR жүйесіне Бруну Эстевеш пен Катарина Кампуш жауапты болады.
Айта кетейік, «Партизан» мен «Тобыл» арасындағы алғашқы кездесу 7 тамызға қараған түні Белградта өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады.