Басты бет
·
MMA/UFC

UFC Қазақстанда алғаш рет турнир өткізуі мүмкін: мерзімі белгілі болды

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстан 2027–2028 жылдары әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы UFC турнирін алғаш рет қабылдауы мүмкін. Қазіргі уақытта промоушен басшылығымен келіссөздер жалғасып жатыр. Алдын ала нәтижелер қараша айының соңында жарияланады деп күтілуде.

Бұл туралы 19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері қазақстандық тарап UFC өкілдерімен бірнеше жұмыс кездесуін өткізген.

«Келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Айдың соңында 2027–2028 жылдары UFC турнирін өткізуге қатысты қандай шешімге келгенімізді толығырақ хабарлаймыз. Барлық қажетті жұмыс атқарылды. Нәтижесін ай соңында жариялаймыз», – деді Мырзабосынов.

Дегенмен әзірге түпкілікті келісім жасалған жоқ. Турнирді қабылдайтын қала да анықталмаған.

Айта кетейік, UFC турнирін Қазақстанда өткізу мәселесі бұған дейін де көтерілген. Қазан айында ұйым президенті Дана Уайт қазақстандық нарыққа шығуға қызығушылық танытқанын растаған болатын.

Абу-Дабиде өткен баспасөз мәслихатында одан Қазақстандағы алғашқы турнирдің қашан өтетіні сұралды.

«Жақын арада. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деп жауап берді Уайт.

Қазіргі уақытта UFC ұйымында Қазақстанның бес өкілі өнер көрсетеді. Шавкат Рахмонов пен Николай Веретенников жартылай орта салмақта, Асу Алмабаев пен Әліби Ыдырыс аса жеңіл салмақта, ал Дияр Нұрғожай жартылай ауыр салмақта бақ сынайды.

Қазақстандық жанкүйерлердің назары қазір Асу Алмабаевқа ауып отыр. Ол 21 қарашада Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде тәжірибелі жапониялық Кёдзи Хоригучимен кездеседі.

Хоригучи бұған дейін Bellator және Rizin ұйымдарының чемпионы атанып, UFC чемпиондық белбеуіне де таласқан.

Алмабаевтың кәсіби мансабында 24 жеңіс пен үш жеңіліс бар. Ол соңғы жекпе-жегін 27 маусымда Бакуде өткізіп, америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта ауырту әдісімен мерзімінен бұрын жеңген.

Хоригучиге қарсы жеңіс қазақстандық спортшының аса жеңіл салмақтағы үздіктер қатарындағы орнын нығайтып, чемпиондық жекпе-жекке жақындауына мүмкіндік береді.

Сол кеште тағы бір қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай да октагонға шығады. Оның қарсыласы америкалық Алик Лоренц болмақ.

Бұл Нұрғожайдың UFC аясындағы бесінші жекпе-жегі болады. Биыл ол қатарынан екі жеңіске жетіп, соның ішінде бразилиялық Бруно Лопесті нокаутқа түсірген.

Ал кәсіби мансабында әлі жеңілмеген Шавкат Рахмонов жарақатынан айығу кезеңін жалғастырып жатыр. Оның октагонға оралатын уақыты әзірге ресми жарияланған жоқ.

Осылайша қараша айының соңына дейін Қазақстандағы алғашқы UFC турнирін өткізу мәселесіне қатысты нақты ақпарат белгілі болуы тиіс.