Уханьдегі турнир жеңімпазы Токиодағы жарысқа қатыспайды

Фото: Jimmie48
Польшалық теннисші Майя Хвалиньска сол жақ жамбасынан алған жарақатына байланысты Токиода өтетін WTA-500 санатындағы турнирге қатыспайды.
25 жастағы спортшы бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Жапонияға алдын ала келгенімен, денсаулығына байланысты кортқа шығуға дайын емес.
«Өкінішке қарай, Уханьдағы жарыс кезінде сол жақ жамбасымнан алған жарақатыма байланысты Токиодағы турнирден бас тартуға мәжбүрмін. Қалпыма келіп, физиотерапиядан өту үшін Токиоға алдын ала келдім. Жарысқа қатысуға үлгеремін деп үміттенген едім, бірақ әлі де ойнауға дайын емеспін. Болашақта бұл жерде өнер көрсету мүмкіндігін асыға күтемін. Қолдау білдіріп, түсіністік танытқан баршаңызға алғыс айтамын», – деп жазды Хвалиньска.
Польшалық теннисші Токиодағы турнирде екінші нөмірмен тіркеліп, жарысты екінші айналымнан бастауы керек еді. Оның орнына негізгі торға лаки-лузер ретінде енген австралиялық Кимберли Биррелл қосылды. Ол америкалық Алисия Паркспен кездеседі.
Бұған дейін Хвалиньска дәл осы жарақатына байланысты Нинбодағы WTA-500 турнирінен де бас тартқан болатын. Оның денсаулығындағы мәселе Уханьдағы жарыстан кейін пайда болды. Қытайда өткен WTA-1000 санатындағы турнирдің финалында польшалық теннисші британдық Сонай Карталды 2:6, 6:4, 6:2 есебімен жеңіп, мансабындағы алғашқы WTA титулын иеленді.
Уханьдағы жеңісінің арқасында Хвалиньска әлемдік рейтингте 22-орыннан 11-сатыға көтерілді. Турнир барысында ол жартылай финалда отандасы Ига Швёнтекті де жеңген еді.
Айта кетейік, Токиодағы турнир 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Жарысқа қатысудан қазіргі чемпион Белинда Бенчич те бас тартты. Швейцариялық теннисші тобығынан жарақат алған.