Уразбахтин «Қайраттың» Еуропа лигасынан шығып қалғаннан кейін: «Конференция лигасы – жаман нұсқа емес»

Бекарыс Әлімхан··
«Қайрат» ФК

«Қайрат» ФК

«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Андерлехттен» (0:3) жеңілген матчтан кейін ойын қорытындысын шығарды.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Уразбахтин бельгиялық команданың мықтырақ болғанын мойындады.

«Бұл жеңілісті қабылдауымыз керек. Объективті түрде қарсылас бізден мықты болды. Оларды жеңісімен құттықтап, келесі матчтарына сәттілік тілеймін. Ал біз үшін Конференция лигасы да жаман нұсқа емес деп ойлаймын.

Өткен жылы Чемпиондар лигасында ойнаған кезімізде бір журналист менен: «Енді жыл сайын сонда ойнайсыздар ма?» деп сұрады. Мен қай турнир екені маңызды емес екенін айттым. Ең бастысы – Қазақстан командалары еурокубоктарға тұрақты түрде қатысуы керек. Мүмкіндік болса, Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында немесе Конференция лигасында ойнасын. Командамызға да, жалпы қазақ футболына да қажет халықаралық тәжірибе жинау маңызды.

Жалпы алғанда, бұл біздің жігіттер үшін жақсы мектеп. Бүгін белгілі бір сәтте алаңда тоғыз қазақстандық футболшы болды. Олар үшін бұл – баға жетпес тәжірибе. Осындай қарсыластармен ойнаудың арқасында ғана футболшылар мықты бола түседі. Бұл ұлттық құрамаларымыз үшін де үлкен плюс», – деді маман.

Еске салайық, Алматыдағы алғашқы матч та «Андерлехттің» 3:0 есебімен жеңісімен аяқталған. Бельгиялық клуб екі ойынның қорытындысы бойынша 6:0 есебімен басым түсіп, Еуропа лигасының жалпы кезеңіне өтті. Ал «Қайрат» маусымды Конференция лигасының жалпы кезеңінде жалғастырады.