US Open-тың қазіргі чемпионы Томми Полды сенімді түрде жеңді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@usopen

Фото: x_@usopen

«Үлкен дулыға» турнирлерінің жеті дүркін чемпионы Карлос Алькарас Томми Полды (ATP рейтингі — 21) жеңіп, US Open-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Төртінші айналымдағы матч 6:4, 6:3, 6:4 есебімен аяқталып, 2 сағат 20 минутқа созылды. Әлемнің үшінші ракеткасы үш эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді және 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ал Пол төрт эйс жасап, бір қос қателік жіберді және қарсыласының сервисін бұзуға берілген төрт мүмкіндіктің біреуін жүзеге асырды.

Бұл Алькарастың қатарынан алған алтыншы жеңісі және америкалық теннисшімен өткізген тоғызыншы кездесудегі жетінші жеңісі болды. Сонымен қатар испаниялық спортшы мансабында 15-рет «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына шықты.

Қазіргі чемпионның келесі қарсыласы — әлемнің тоғызыншы ракеткасы Бен Шелтон (ATP — 9). Америкалық теннисші төртінші айналымда Стефанос Циципасты 6:2, 6:3, 6:4 есебімен жеңді. Алькарас бұған дейін Шелтонмен үш рет кездесіп, үшеуінде де жеңіске жеткен.

US Open-тың қазіргі чемпионы Томми Полды сенімді түрде жеңді – sport-hub