Үш қазақстандық жұп бессайыстан ӘЧ-де үздік ондыққа кірді

Фото: uipm.kz
Қазақстан құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан қазіргі бессайыстан әлем чемпионатының эстафеталық бағдарламасында үш рет үздік ондыққа енді.
Темірлан Әбдраимов пен Лев Чувашов Қазақстан құрамасы сапындағы ең үздік нәтижені көрсетті. Ерлер эстафетасында қазақстандықтар 1442 ұпай жинап, 18 жұптың арасында жетінші орын алды. Жекелеген кезеңдерде дуэт семсерлесуден – 214, кедергілер жолағынан – 344, жүзуден 339 ұпай еншіледі. Лазер-ранда жұп төртінші нәтиже көрсетіп, 545 ұпай жинады.
Аяна Қазбекова мен Юлиана Петрова 1193 ұпай жинап, 14 команданың арасынан әйелдер эстафетасында тоғызыншы орынға ие болды. Кирилл Стадник пен Ярославна Понер де аралас эстафетада осындай нәтиже көрсетті. Олар 988 ұпай жинады.
Айта кетейік, 26 тамызда ерлер арасындағы іріктеу кезеңі басталады. Ал 27 тамызда әйелдер арасындағы іріктеу өтеді. Жарыстың финалдық кезеңдері 30 тамызда ұйымдастырылады.