Усман Нурмагомедов Әбу-Дабиде қамаудан босатылды

Әбу-Даби соты PFL ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы Усман Нурмагомедовті және UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили қатысқан жаппай төбелеске байланысты сотталған тағы жеті адамды қамаудан босатты.
UAE Barq басылымының хабарлауынша, сот сегіз адамға қатысты үкімді қайта қараған. Бұған дейін тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы әрқайсысына 150 мың дирхам көлеміндегі айыппұлмен алмастырылды.
Мұндай шешімге тараптардың татуласуы және жәбірленушілердің Әбу-Даби билігіне сотталғандарды босату туралы өтініш жасауы негіз болған.
Еске салайық, оқиға 11 қарашада Әбу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде болған еді.
Двалишвилидің айтуынша, сұхбат беріп жатқан кезінде Усман Нурмагомедов қасындағы адамдарымен бірге оған шабуыл жасаған.
Жанжалдан кейін құқық қорғау органдары он адамды ұстады.
Бастапқыда төбелеске қатысқан алты адам алты айға бас бостандығынан айырылып, әрқайсысына 300 мың дирхам айыппұл салынған болатын.
Оқиғаны видеоға түсіріп, жазбаларды таратқан тағы екі адамға да дәл осындай жаза тағайындалған.
Кейін Двалишвили БАӘ билігіне ашық үндеу жасап, жанжалға қатысқан өзге адамдардың жазасын қайта қарауды сұрады.
Грузиялық файтер ешкімге айып таққысы келмейтінін және мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын мәлімдеді.