Усман Нурмагомедов Двалишвилимен төбелестен кейінгі сынға жауап берді

Фото: Getty Images
Ресейлік файтер Усман Нурмагомедов 11 қарашада Әбу-Дабиде (БАӘ) UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвилимен болған жанжалға алғаш рет пікір білдірді.
Нурмагомедов әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің суреті қойылған бейнежазба жариялады. Видеода Аль Пачино сомдаған Тони Монтана кейіпкерінің «Тыртықты бет» (Scarface) фильміндегі сөзі қолданылған.
«Сендерге өздерің қалаған адам болуға батылдық жетіспейді. Сондықтан сендерге мен сияқтылар керек. Бізді саусақпен көрсетіп, «міне, жаман адам!» деп айту үшін керекпіз. Ал өздерің қандайсыңдар? Жақсы адамсыңдар ма? Күмәнім бар. Сендер тек өтірік айтып, екіжүзді болуды білесіңдер. Ал менде ондай әдет жоқ», – делінген жарияланған бейнежазбада.
Еске салайық, 11 қарашада Әбу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде Усман Нурмагомедов, Мераб Двалишвили және олардың қасындағы адамдар қатысқан жаппай төбелес болды.
Жанжал грузиялық файтер сұхбат беріп жатқан кезде басталған. Сол сәтте Нурмагомедов оған жақындап, бетінен шапалақпен ұрған.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары төбелеске қатысқан бірнеше адамды ұстады. Кейін сот Нурмагомедов командасының өкілдерін алты айға бас бостандығынан айырып, ақшалай айыппұл салды.
Алайда 17 қарашада Әбу-Дабидің сот департаменті жазаның қайта қаралғанын хабарлады. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру жазасы алынып тасталып, әр сотталған азаматқа салынған айыппұл 150 мың дирхамға (шамамен 41 мың доллар) дейін азайтылды.