Басты бет
·
MMA/UFC

Мераб Двалишвили Нурмагомедовтермен болған жанжалдан кейін Ислам Махачевке үндеу жасады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

UFC ұйымының аса жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили Усман және Умар Нурмагомедовтермен болған жанжалды талқылау үшін Ислам Махачевпен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.

Грузиялық файтер бұл мәлімдемені UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазіргі чемпионы Махачев оның Тбилисиде Ахмед Гаджимагомедовпен болған жанжал кезіндегі әрекетін сынағаннан кейін жасады.

Журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында Двалишвили Грузиядағы әрекетін дұрыс деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, жанжал қарсы тараптың арандатуынан кейін басталған.

«Ислам, сөйлескің келсе, маған кел. Грузиядағы жағдайда менікі дұрыс болды, өйткені мені арандатты. Өмірде түрлі жағдай болады, бәріміз адамбыз. Біз ол жанжалды аяқтадық, оны жалғастырудың қажеті жоқ еді. Кездесіп, сөйлесе аламыз. Біз көшеде төбелесетін жануар емеспіз. Біз кәсіби спортшылармыз. Не октагонда жұдырықтасуымыз керек, не мәселені нағыз кавказдықтар сияқты шешуіміз қажет. Ал Умар мен Усманның әрекеті өте сұмдық болды», – деді Двалишвили.

Еске салайық, 11 қарашада Әбу-Дабидегі Hilton қонақүйінде Двалишвили мен Усман Нурмагомедов командасының өкілдері арасында жаппай төбелес болған еді.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары жанжалға қатысқан бірнеше адамды ұстады. Ал сот бастапқыда сегіз адамды алты айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.

Алайда 17 қарашада Әбу-Даби соты үкімді қайта қарап, Усман мен Умар Нурмагомедовтерді және басқа да сотталғандарды босатты.

Тараптар татуласқаннан кейін бас бостандығынан айыру жазасы әрқайсысына 150 мың дирхам көлеміндегі айыппұлмен алмастырылды.

Бұған дейін Двалишвилидің өзі БАӘ билігіне ашық үндеу жасап, ұсталған азаматтарды босатуды сұраған болатын.

Мераб Двалишвили Нурмагомедовтермен болған жанжалдан кейін Ислам Махачевке үндеу жасады – sport-hub