Ваноли кеткеніне үш ай өтпей, «Фиорентинаға» қайта оралды

«Фиорентина» ФК
«Фиорентина» Паоло Ванолиді негізгі команданың бас бапкері етіп тағайындады. Италиялық маман клубтан кеткеніне үш ай өтпей, командаға қайта оралды.
Ваноли маусымды сәтсіз бастағаннан кейін қызметінен босатылған Фабио Гроссоның орнын басты. Гроссо Италияның А сериясындағы алғашқы үш матчта қатарынан жеңіліс тапқан еді. Жаңа бас бапкер командамен алғашқы жаттығуын «Виола Парк» базасында өткізіп үлгерді.
Ваноли бұған дейін «Фиорентинаны» 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылдың маусымына дейін басқарған. Ол командаға маусымның сәтсіз басталуынан кейін келіп, клубтың жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалуына көмектесті. Флоренциялық команда чемпионатты 15-орында аяқтады.
Гроссо «Фиорентина» тізгінін 8 маусымда ұстап, 2028 жылдың жазына дейін келісімшартқа отырған. Алайда ол небәрі үш турдан кейін қызметінен кетті. Оның жетекшілігімен команда «Ромаға» (0:4), «Фрозинонеге» (0:3) және «Ториноға» (1:2) есе жіберді. «Фиалкалар» ұпайсыз турнир кестесінің соңында тұр.
Ваноли Италияның жасөспірімдер құрамаларында да жұмыс істеген. Сонымен қатар «Челси» мен «Интердің» жаттықтырушылар штабында қызмет атқарды. Бас бапкер ретінде Мәскеудің «Спартак» клубын, «Венеция» мен «Ториноны» жаттықтырған. «Спартакпен» Ресей кубогын жеңіп алса, «Венецияны» А сериясына шығарды.
Ваноли «Фиорентина» сапындағы алғашқы матчын 11 қыркүйекте сырт алаңда бұрын өзі жаттықтырған «Венецияға» қарсы өткізеді.