Вилли Кабальеро «Манчестер Ситидің» бапкерлер штабына қосылды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Манчестер Сити» ФК

Фото: «Манчестер Сити» ФК

«Манчестер Ситидің» бұрынғы қақпашысы Вилли Кабальеро клубқа қайта оралып, жаңа бас бапкер Энцо Мареска жетекшілік ететін бапкерлер штабының құрамына енді.

Кабальеро «Манчестер Сити» сапында 2014-2017 жылдар аралығында өнер көрсетіп, 48 матчқа қатысты. Ол командамен бірге 2015/16 жылғы маусымда Англия лигасы кубогын жеңіп алды. Финалда «Ливерпульге» қарсы өткен кездесудегі пенальтилер сериясында шешуші сейвтер жасап, жеңістің басты қаһармандарының біріне айналды.

Маресканың көмекшісі қызметіне италиялық Роберто Витиелло тағайындалды. Ол бұған дейін Марескамен бірге «Парма», «Лестер Сити» және «Челси» клубтарында жұмыс істеген.

Сонымен қатар, бапкерлер құрамына Дэнни Уокер де қосылды. Ол бұған дейін «Манчестер Сити» академиясында еңбек етіп, кейін Марескамен бірге «Лестер Сити» мен «Челсиде» қызмет атқарған.

Клуб сондай-ақ бірқатар жаңа мамандарды қызметке тағайындады. Микеле Де Бернардина қақпашыларды даярлау бөлімінің жетекшісі болса, Маркос Альварес дене дайындығы жөніндегі бапкер қызметіне кірісті. Денис Силва негізгі команданың бапкері атанса, Хавьер Молина тактикалық талдау жұмыстарына жауапты болады.

Еске салайық, Энцо Мареска маусым айының соңында «Манчестер Ситидің» бас бапкері болып тағайындалып, клубпен үш жыл мерзімге келісімшартқа қол қойған болатын.