Вирджил ван Дейк Нидерланд құрамасының әлем чемпионатынан шығып қалуына қатысты пікір білдірді

Фото: ФИФА
Нидерланд құрамасының қорғаушысы Вирджил ван Дейк 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалындағы Мароккоға қарсы матчтағы жеңіліске қатысты пікірін айтты.
Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды, ал пенальти сериясында Марокко футболшылары дәлірек болды (3:2).
«Біз қорғаныста жақсы ойнап, оларға шабуыл жасауға мүмкіндік бермедік. Бірақ бір қателік бәрін шешті. Біз пенальтиді жаттықтырдық, бар күшімізді салдық. Өкінішке қарай, нәтиже шықпады. Менің жалғыз ойым – пенальтиден мүлт кеткендерді қолдау болды», – деп Вирджилдің сөзін NOS келтіреді.
Айта кетейік, Марокко құрамасы 1/8 финалда бұған дейін Оңтүстік Африканы (1:0) жеңген Канадамен кездеседі.
Еске салайық, Нидерланд құрамасы жеті ұпаймен F тобында бірінші орын алды. Ал дәл осындай ұпай жинаған Марокко құрамасы С тобынан екінші орынмен плей-офф кезеңіне өтті.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтуде және 19 шілдеде аяқталады.