WTA Пегула мен Андреева арасындағы жанжал үшін кешірім сұрады

Фото: Getty Images
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) америкалық теннисші Джессика Пегуланың ресейлік Мирра Андреева туралы айтқан сөздері тікелей эфирге тарап кеткені үшін кешірім сұрады.
Оқиға Индиан-Уэллсте WTA қорытынды турниріне дайындық кезінде болған. Андреевамен бірге жаттығу өткізген Пегула кейін бапкері Марк Ноулзбен әңгімелескен. Алайда олардың сөйлескенін трансляция көрермендері естіп отырған.
Әңгіме барысында америкалық теннисші Андрееваны «еркелігі басым жұлдыз» деп атап, оның мінез-құлқын сынға алған. Сондай-ақ Пегула ресейлік спортшының бапкері Кончита Мартинес шәкіртінің айналасындағыларға деген мұндай қарым-қатынасына тосқауыл қоймайды деген пікір білдірген.
Кейін белгілі болғандай, теннисшілерге микрофондардың қосулы тұрғаны ескертілмеген.
WTA ұйымдастыру барысында қателік жіберілгенін мойындап, спортшылар мен олардың бапкерлер штабынан ресми түрде кешірім сұрады.
Ұйым өкілдері қатысушыларға трансляция шарттары туралы қажетті ақпарат берілмегендіктен, болған жағдайға толық жауапкершілікті өз мойындарына алатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, WTA қорытынды турнирі 8–15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтеді.