WWE чемпионы God of War сериалында Кратос рөлін сомдайды

Фото: x_@viraltakes
Америкалық актер әрі WWE-нің бұрынғы жұлдызы Дэйв Батиста Prime Video платформасындағы God of War сериалының Кратос рөліне бекітілді.
Variety мәліметінше, ол түсірілім алаңында трюк орындау кезінде бицепсін жыртып алған Райан Хёрстің орнын басады. Актердің қалпына келуіне ұзақ уақыт қажет болғандықтан, Amazon мен Sony басты рөлге жаңа актер іздеу туралы шешім қабылдаған. Енді жоба авторларына Кратос қатысатын дайын көріністерді қайта түсіруге тура келеді. Батистамен қайта түсірілім жұмыстары күзде Ванкуверде өтеді деп жоспарланған.

Фото: x_@WrestlingNewsCo
57 жастағы Батиста актерлік мансабымен ғана емес, WWE-дегі өнерімен де танымал. Ол ұйымның әлем чемпионы атанған. Кинода Marvel компаниясының «Галактика сақшылары» фильмдер сериясындағы Дракс рөлі арқылы кеңінен танылды. Сонымен қатар «Дюна», «Дюна: Екінші бөлім» және «Пышақтар сыртқа» фильмдерінде ойнаған.
Сериалға ойын франшизасының скандинавиялық желісі негіз болған. Кратос ұлы Атреймен бірге қайтыс болған әйелі Фэйдің соңғы тілегін орындау үшін сапарға аттанады. Жол бойында кейіпкерлер скандинавиялық мифологиядағы құдайлар мен түрлі жаратылыстарға тап болады.

Фото: IGN
Атрей рөлін Каллум Винсон сомдайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Один рөлінде Мэнди Патинкин, Тор рөлінде Оулавюр Дарри Оулафссон, Бальдр бейнесінде Эд Скрейн және Сиф рөлінде Тереза Палмер бар.
Жобаның шоураннері, сценарисі әрі атқарушы продюсері «Галактика жұлдызды крейсері» сериалының авторы Рональд Мур. Сериал бірден екі маусымға тапсырыс алған.