Юлия Путинцеваның Ухандағы матчы мерзімінен бұрын аяқталды

Фото: yulia_putintseva
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Уханда өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің іріктеу кезеңінің финалына шықты. Ол румыниялық Елена-Габриэла Русемен кездесуде қарсыласының матчты жалғастырудан бас тартуына байланысты келесі кезеңге өтті.
10 қазанда Ухань қаласының хард кортында әлемнің 82-ракеткасы Юлия Путинцева іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчын әлемдік рейтингте 62-орында тұрған румыниялық Елена-Габриэла Русеге қарсы өткізді.
Алғашқы сет тартысты өтіп, қазақстандық теннисші оны 7:5 есебімен жеңді. Екінші партияда Путинцева 2:1 есебімен алға шықты. Алайда Русе кездесуді жалғастыра алмай, ойыннан бас тартты. Оның жарыстан шығу себебі әзірге белгісіз.
Осылайша, Юлия Путинцева іріктеу кезеңінің шешуші раундына мерзімінен бұрын жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін теннисшілер кәсіби деңгейде бір-бірімен кездескен емес.
Қазақстандық теннисші негізгі кезеңге шығу үшін австралиялық Тейла Престон (әлемнің 91-ракеткасы) мен америкалық Эшлин Крюгер (73-ракетка) арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Ухандағы WTA 1000 турнирінің негізгі кезеңі 12-18 қазан аралығында өтеді. Жарыстың жүлде қоры төрт миллион доллардан асады.