Басты бет
·
Футбол

«Ювентус» «Дженоадан» жеңіліп, А сериясындағы сәтсіздігін жалғастырды

Бекарыс Әлімхан··
«Ювентус» ФК

«Ювентус» ФК

«Дженоа» Италия чемпионатының тоғызыншы турында «Ювентусты» өз алаңында 2:0 есебімен жеңді.

Генуя (Италия). А сериясы. 9-тур

«Дженоа» – «Ювентус» – 2:0

Голдар: Эхизибуэ, 12; Бальданци, 28.

Кездесудің 12-минутында Томмазо Бальданцидің пасынан кейін Кингсли Эхизибуэ есеп ашты. Оның соққысынан кейін доп Андреа Камбьязоға тиіп, «Ювентустың» қақпасына кірді. Арада 16 минут өткенде Витинья бастаған шабуылдың жалғасында Бальданцидің өзі мергендік танытты. Бұл жолы доп Глейсон Бремерге тиіп, бағытын өзгерткеннен кейін қақпаға енді.

Үзілістен кейін туриндік команданың бас бапкері Лучано Спаллетти ойын барысын өзгерту үшін Эдон Жегрова мен Ник Вольтемадені алаңға шығарды. Қонақтар шабуылды жиілеткенімен, «Дженоаның» қорғанысы сенімді ойнады. Екінші таймда алаң иелерінің қақпашысы Джастин Бейлоу Жегрованың қауіпті соққысын қайтарды. Ал бұрыштамадан кейін Бремер допты қақпаға дәл бағыттай алмады.

Қосымша уақытта «Ювентус» есеп айырмасын қысқартуға бірнеше мүмкіндік алды. Алдымен Тен Копмейнерс айып добынан орындаған соққысымен қақпа маңдайшасын дәл көздеді. Кейін Джон Лукумидің соққысынан соң Бейлоу командасын құтқарып қалды. Осылайша, «Дженоа» матчты екі доп айырмасымен жеңді.

Бұл жеңіс генуялық клуб үшін А сериясындағы соңғы төрт матчта тіркелген үшінші жеңіс болды. Сонымен қатар команда 2022 жылдың мамырынан бері алғаш рет Италия чемпионатында «Ювентусты» жеңіп, өзара кездесулердегі алты матчтық жеңіссіз сериясын үзді.

Тоғыз турдан кейін «Дженоаның» еншісінде 10 ұпай бар. Ал «Ювентус» 14 ұпаймен қалды.

Келесі кездесулерін командалар 1 қарашада өткізеді. «Дженоа» сырт алаңда «Леччемен» ойнаса, «Ювентус» өз алаңында «Наполиді» қабылдайды.

«Ювентус» «Дженоадан» жеңіліп, А сериясындағы сәтсіздігін жалғастырды – sport-hub