Жәнібек Әлімханұлы жаңартылған WBO рейтингінде көш бастады

Фото: Getty Images
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады.
Қазақстан үшін басты өзгеріс орта салмақта болды. Жәнібек Әлімханұлы бір саты жоғарылап, WBO рейтингінде бірінші орынға шықты. Бұған дейін қазақстандық боксшы екінші орында тұрған.
Өткен айда ұйым Әлімханұлына британдық Хамза Ширазға тиесілі чемпиондық белбеуге міндетті үміткер мәртебесін берген болатын.
Рейтингтегі өзгеріске Сауль «Канело» Альварестің шешімі де әсер етті. Мексикалық боксшы WBC титулы үшін күресу жоспарына байланысты WBO рейтингінен шықты. Осыдан кейін екінші орынға америкалық Диего Пачеко, үшінші орынға даниялық Якоб Банк көтерілді.
Қазақстанда туған тағы бір боксшы Роман Фресс бірінші ауыр салмақтағы рейтингтің көшін сақтап қалды. Германия атынан өнер көрсететін боксшы өз салмағында бірінші орында қала берді.