Жасұлан Әмір Қазақстан Премьер-лигасының ең қымбат футболшысы атанды

«Ордабасы» ФК
Футболшылардың трансферлік құнын бағалайтын Transfermarkt порталы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін ойыншылардың нарықтық бағасын жаңартты.
Жаңартылған рейтингте «Ордабасы» мен Қазақстан құрамасының шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмірдің трансферлік құны айтарлықтай өсті.
Биыл «Ордабасы» сапында Қазақстан чемпионы әрі ел кубогының иегері атанған 19 жастағы футболшының нарықтық бағасы бірден 2 миллион еуроға қымбаттады. Бұған дейін 500 мың еуроға бағаланған Әмірдің қазіргі құны 2,5 миллион еуроны құрайды.
Осылайша қазақстандық футболшы «Астана» сапында өнер көрсететін Босния және Герцеговина құрамасының ойыншысы Иван Башичпен теңесіп, ҚПЛ-ның ең қымбат футболшылары тізімінде көш бастады. Башич 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысқан.
Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат он футболшының бесеуі – отандық ойыншылар.
Үшінші орында «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков тұр. Оның трансферлік құны 1,2 миллион еуроға бағаланған.
Бесінші сатыда «Астананың» шабуылшысы Мақсат Абраев орналасқан. Оның нарықтық бағасы – 1 миллион еуро.
Ал «Ордабасы» жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов пен «Ақтөбе» шабуылшысы Артур Шушеначев үш легионермен бірге тоғызыншы орынды бөлісіп тұр. Олардың әрқайсысының трансферлік құны 900 мың еуроны құрайды.