Жібек Құламбаева Чилидегі WTA 125 турнирінің чемпионы атанды

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен жұптасып, Чилидің Колина қаласында өткен WTA 125 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды.
Колина (Чили). WTA 125. Жұптық сайыс. Финал
Жібек Құламбаева (Қазақстан) / Вероника Эрьявец (Словения) – Валерия Страхова (Украина) / Анастасия Тихонова (Ресей) – 6:4, 6:3.
Финалда қазақстандық-словениялық жұп турнирдің бірінші нөмірлі фавориттері, украиналық Валерия Страхова мен ресейлік Анастасия Тихоноваға қарсы ойнады.
Құламбаева мен Эрьявец қарсыластарын екі сетте 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 16 минутқа созылды.
Финалға дейінгі жолда қазақстандық-словениялық дуэт түркиялық Ипек Өз бен грекиялық Деспина Папамихаилді 6:0, 6:2 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда аустралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборннан 7:6 (9:7), 3:6, 10:4 есебімен басым түсті.
Бұл Құламбаева мен Эрьявец үшін қатарынан екінші чемпиондық атақ болды. Бір апта бұрын олар Колумбияның Сопо қаласында өткен дәл осындай санаттағы турнирде топ жарған еді.
Жалпы, қазақстандық-словениялық жұп WTA 125 деңгейінде үш бірлескен титул жеңіп алды. Алғашқы чемпиондық атағына олар 2025 жылдың қыркүйегінде Қытайдың Хучжоу қаласында қол жеткізген.
Айта кетейік, Колинадағы WTA 125 турнирі 16–22 қараша аралығында топырақ төсенішті корттарда өтті. Жұптық сайыстың жеңімпаздарына жалпы 6 мың доллар көлемінде сыйақы берілді.