Зверев маусымда екінші рет Атманды жеңіп, Цинциннатиде 1/8 финалға шықты

Фото: Corinne Dubreuil/ATP Tour
Германиялық теннисші Александр Зверев Цинциннатиде өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Үшінші айналымда әлемнің 45-ракеткасы, француз теннисшісі Теренс Атманды екі сетте — 7:6 (7:4), 7:6 (8:6) есебімен жеңді. Кездесу 2 сағат 10 минутқа созылды.
Матч барысында Зверев 5 эйс жасап, үш рет қосарланған қателік жіберді және екі брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Атман бір эйс орындап, екі рет қосарланған қателікке жол берді және өзіне берілген екі брейк-пойнттың біреуін жүзеге асырды.
Бұл теннисшілердің мансабындағы екінші кездесуі болды. Екі матчта да Зверев жеңіске жетті.
Олар бұған дейін биыл сәуір айында Мадридтегі «Мастерс» турнирінің үшінші айналымында кездескен. Сол жолы неміс теннисшісі 6:3, 7:6 (7:2) есебімен басым түскен.
Цинциннатиде Зверев жарысты екінші айналымнан бастады. Ол алғашқы матчында британдық Кэмерон Норриді үш сетте — 3:6, 6:3, 6:3 есебімен жеңді.
Енді 1/8 финалда Зверев америкалық Томми Пол мен парагвайлық Даниэль Вальехо арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.