Зверев жеңісті уысынан шығарып алып, Полға есе жіберіп, Цинциннати турнирінен шығып қалды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@atptour

Фото: x_@atptour

Әлемнің үшінші ракеткасы, германиялық Александр Зверев АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан «Мастерс» сериясындағы турнирдегі өнерін аяқтады. Ол америкалық Томми Полға (ATP рейтингінде 24-орын) есе жіберді.

Кездесу 2 сағат 47 минутқа созылды. Матч барысында жаңбырға байланысты үзіліс жасауға тура келді.

Зверев екінші сетте-ақ жеңіске жақын болды. Тай-брейкте 6:5 есебімен алға шыққан неміс теннисшісі матчболға ие болды. Алайда Пол бұл мүмкіндікті қайтарып, кездесуді шешуші үшінші сетке жеткізді.

Үшінші сетте Зверев 4:2 есебімен алға шыққан. Бірақ осыдан кейін америкалық теннисші қатарынан төрт гейм алып, камбэк жасап, жеңісті жұлып алды.

Айта кетейік, бұл теннисшілердің өзара төртінші кездесуі болды. Бұған дейін америкалық Зверевті 2020 жылғы Акапулько және 2022 жылғы Индиан-Уэллс турнирлерінде жеңген. Ал неміс теннисшісі Полдан жалғыз жеңісін 2025 жылғы Australian Open турнирінің ширек финалында алған еді.

Осылайша, Томми Пол жеке кездесулерде 3:1 есебімен алда келеді.

Ширек финалда Пол италиялық Флавио Коболлимен (ATP рейтингінде 10-орын) кездеседі. Теннисшілер бұған дейін 2024 жылы Цинциннатиде жолыққан. Сол кездесуде Коболли үш сетте жеңіске жеткен.

Зверев жеңісті уысынан шығарып алып, Полға есе жіберіп, Цинциннати турнирінен шығып қалды – sport-hub