ӘЧ-2026: Турнирде алаң иелері де, Роналду да қалмады

ФИФА
SportHub футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының кезекті ойын күнін қорытындылады.
1/8 финал
Португалия – Испания – 0:1 (0:0)
Гол: Микель Мерино, 90+1.
Бұл 1/8 финалдағы ең көп күткен кездесулердің бірі болды. Пиреней түбегінің қос құрамасы арасындағы текетірес әрдайым ерекше тартысымен ерекшеленеді. Бұл жолы ширек финал жолдамасы сарапқа салынып, ФИФА рейтингіндегі үздік бестікке кіретін екі команда өзара күш сынасты.
Португалия сапындағы басты жұлдыз жиырма жылдан астам уақыт бойы ұлттық құраманың көшбасшысы болып келе жатқан Криштиану Роналду. Дегенмен оған қарсы Еуропаның қазіргі чемпионы Испания құрамасы шықты.
Матчқа дейін испандықтар турнирде бірде-бір гол жібермеген еді. Бұл жолы да Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері сенімді қорғанысымен қатар, допқа иелік ету арқылы қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.

Алғашқы таймда Испания айқын басымдық танытты. Тоғызыншы минутта Микель Оярсабаль Диогу Кошта қақпасымен жеке дара шыққанымен, мүмкіндігін пайдалана алмады. Екінші таймда ойын біршама теңескенімен, бастама испандықтардың қолында қала берді.
Матч тағдырын Луис де ла Фуэнтенің кеш жасаған ауысулары шешті. Қосалқы құрамнан шыққан Фабиан Руис, Ферран Торрес және Микель Мерино негізгі уақытқа қосылған минуттарда жеңіс голын ұйымдастырды.
Португалияның таразы басын теңестіруге шамасы да, уақыты да жетпеді. Осылайша Криштиану Роналду үшін алтыншы әлем чемпионаты 1/8 финалда аяқталды. Оның келесі мундиальда өнер көрсететіні әзірге белгісіз.
Ал Испания құрамасы турнирдегі қақпасына әлі бірде-бір гол жібермей, ширек финалға жолдама алды.
АҚШ – Бельгия – 1:4 (1:2)
Голдар: Шарль де Кетеларе, 9 (0:1); Малик Тиллман, 31 (1:1); Шарль де Кетеларе, 33 (1:2); Ханс Ванакен, 57 (1:3); Ромелу Лукаку, 90+3 (1:4).
Бұл кездесу басталмай тұрып-ақ дау туғызды. ФИФА америкалық шабуылшы Фоларин Балогунға қызыл қағаздан кейінгі дисквалификацияға қарамастан ойынға қатысуға мүмкіндік бергені көпшіліктің наразылығын тудырды.
Алайда алаңда Бельгия құрамасы өзінің деңгейі жоғары екенін дәлелдеді. Кездесудің басында-ақ Шарль де Кетеларе есеп ашты. АҚШ құрамасы Малик Тиллманның голымен таразы басын теңестіргенімен, бұл олардың матчтағы жалғыз нәтижелі әрекеті болды.

Артынша де Кетеларе дубль авторы атанып, кейін Ханс Ванакеннің голына нәтижелі пас берді. Ал қосымша уақытта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ромелу Лукаку төртінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды.
Осылайша АҚШ құрамасы жанкүйерлер қолдауы мен өз алаңының артықшылығына қарамастан турнирмен қоштасты. Нәтижесінде 2026 жылғы әлем чемпионатында барлық алаң иелері 1/8 финал кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Бельгия ширек финалда Испания құрамасымен кездеседі.
Алдағы ойындар (Қазақстан уақытымен)
Аргентина – Мысыр — 7 шілде, 21:00;
Швейцария – Колумбия — 8 шілде, 01:00.