Әділ Асқанбай бокстан Азия чемпионатының финалына шықты

ҚБФ
Джакартада (Индонезия) 19 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында бокстан Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан құрамасы сапынан кезекті финалист Әділ Асқанбай атанды.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда қазақстандық боксшы Қырғызстан өкілі Нұрсұлтан Дүйшоналиевпен кездесті. Алғашқы раундта боксшылар ашық шабуылдармен алма-кезек соққы жасады, алайда төрешілер бірауыздан басымдықты Асқанбайға берді — 5:0.
Екінші раундта қарсыласы есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, жекпе-жек барысын өз пайдасына өзгерте алмады. Қорытындысында Әділ Асқанбай төрешілердің 4:1 есебімен бөлінген шешімі арқылы жеңіске жетіп, құрлық біріншілігінің финалына жолдама алды.
U19 және U23 жас санаттарындағы боксшылар арасындағы Азия чемпионаты Джакартада 3–16 шілде аралығында өтуде. Қазақстан бұл турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстарда 39 спортшымен қатысуда.