Басты бет
·
АО-2026

Айбек Оралбай қарсыласын нокдаунға жіберіп, Азия ойындарының финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
ҚБФ

ҚБФ

Айбек Оралбай Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының бокс турнирінде Қазақстан құрамасының алғашқы финалисті атанды.

Жартылай финалда Қазақстан құрамасының капитаны үндістандық Нарендермен кездесті. Оралбай үш раунд бойы жекпе-жек барысын бақылауында ұстап, айқас барысында қарсыласын нокдаунға түсірді. Бес төрешінің барлығы қазақстандық боксшыға жеңіс берді — 5:0.

Оралбай бұған дейін де жекпе-жегін төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Ширек финалда ол қырғызстандық Мырзакир Қошалиевтен басым түсті. Ал Нарендер жартылай финалға тайландтық Адтхапонг Саенгтепті бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңу арқылы жеткен.

Айта кетейік, Оралбай Азия ойындарына қазіргі әлем чемпионы ретінде келді. 2025 жылдың қыркүйегінде ол Ливерпульде World Boxing ұйымының қамқорлығымен өткен алғашқы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ биыл сәуір айында қазақстандық боксшы Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында да топ жарған.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.