Басты бет
·
АО-2026

Арайлым Шегенова Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Қазақстандық құрашшы Арайлым Шегенова 2026 жылғы Азия ойындарында 87 келіден жоғары салмақта қола медаль жеңіп алды.

Турнирдің алғашқы кезеңінде қазақстандық спортшы Вьетнам өкілі Дыонг Тхань Тханьды 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда Шегенова Оңтүстік Корея спортшысы Пак Чонвонды 3:0 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.

Финалға шығу үшін болған белдесуде Қазақстан өкілі тағы бір Оңтүстік Корея спортшысы Ким Минёнмен кездесті. Жекпе-жек 1:0 есебімен қарсыласының пайдасына аяқталып, Шегенова қола медаль иеленді.

Айта кетейік, құраш – Азия ойындарының бағдарламасына енген дәстүрлі өзбек күрес түрі. Спортшылар белбеулі «яктак» күртесін киіп, тек тік тұрып белдеседі. Қарсыласын арқасымен таза лақтыру «халол» деп бағаланып, бірден жеңіс әкеледі. Партерде күресуге, ауырту және тұншықтыру әдістерін қолдануға, соққы жасауға және белден төмен ұстауға тыйым салынған.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.