Қазақстандықтар Азия ойындарында паделден филиппиндіктерге есе жіберді

Фото: Никита Басов
Альбина Хабибулина мен Мария Синицына Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы паделден әйелдер арасындағы жұптық турнирдің алғашқы кезеңінен аса алмады.
Қазақстандықтар Филиппин өкілдері Тао Тан мен Мариан Кападосияға қарсы ойнады. Алғашқы сетте қарсыластар басым түссе, Хабибулина мен Синицына кейін есепті теңестірді. Алайда шешуші сетте филиппиндік жұп мықтырақ болып шықты.
Айта кетейік, падел үшін биылғы Азия ойындары тарихи дода саналады. Бұл спорт түрі алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Турнир 28 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Нагоя қаласының Спорт кешенінде өтеді.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.