«Айқын басымдықпен жеңуім керек»: Асу Алмабаев UFC чемпиондық белбеуіне таласу мүмкіндігі туралы айтты

Фото: x_@elkz_portal
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригутиге қарсы жекпе-жектен кейін чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Дохада өткен баспасөз мәслихатында Алмабаев қарсыласын жай ғана жеңіп қоймай, жекпе-жек барысында айқын басымдық танытуды көздейтінін айтты.
«Рейтингте менен жоғары тұрған файтерлердің барлығы дерлік чемпиондық белбеуге таласуға мүмкіндік алды. Тайра, Ройвал және басқалары Ванмен жұдырықтасып үлгерді. Сондықтан бұл кездесуде жай ғана жеңіске жетпей, қарсыласымнан айқын басым түссем, келесі болып чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігіне ие болуым мүмкін. Мұндай жеңістің қажет екенін өзім де жақсы түсінемін.
Бірақ UFC үшін шешім қабылдай алмаймын. Бұл – үлкен ұйым. Олар бәрін қарап, талқылайды. Мүмкін, рейтингте менен жоғары тұрған қарсыластардың бірін ұсынар. Негізі, бастапқыда Ройвал мені жекпе-жекке шақырған еді. Бірақ кейін өзі жоқ болып кетті. Сондықтан Хоригутиге қарсы кездесуге келісуге тура келді», – деді Алмабаев.
Қазақстандық спортшы қазіргі чемпион Джошуа Ван мен Манель Капе арасындағы алдағы титулдық жекпе-жекке де тоқталды.
«Ван өзінің үздік соққы шеберлерінің бірі екенін бірнеше рет дәлелдеді. Оның мақсаты биік. Ол бұрынғы чемпионмен де, мықты күрес шеберімен де кездесті. Сондықтан кім жеңіске жетсе де, екеуінің кез келгенімен жұдырықтасуға дайынмын», – деді қазақстандық файтер.
Еске салайық, 21 қарашада Асу Алмабаев (24-3) Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде Bellator және Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы Кёдзи Хоригутимен (36-6) кездеседі.
Жекпе-жек аса жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді.