Асу Алмабаев Қазақстандағы UFC турнирінің басты жекпе-жегіне шығуға дайын

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев әлемдегі ең ірі ММА ұйымында өнер көрсетуге дайын үш отандасын атап, Қазақстанда UFC турнирін өткізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Дохада жапониялық Кёдзи Хоригутиге қарсы жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Алмабаев елімізде UFC-мен келісімшарт жасауға лайықты талантты спортшылардың көп екенін айтты.
«Қазақстанда қазір мықты файтерлер өте көп. Жас жігіттердің дайындығы жақсы, олардың көбі осындай мүмкіндікке лайық. Үш есім аздық етеді, тіпті бес-он адамды атай аламын.
Қазір өзімнің спарринг серіктестеріммен бірге жаттығып жүрмін. Мысалы, Санжар Әділов UFC-де өнер көрсетуге толық дайын, тіпті дайындығы одан да жоғары. Сондай-ақ 57 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Қайсар Жауғашар мен біздің залдағы Мейірбек Есқазиевті атар едім.
Мен өзім жақсы танитын жас спортшыларды ғана атап отырмын. Бірақ UFC-де өнер көрсетуге лайықты басқа да жігіттер көп екеніне сенімдімін», – деді Алмабаев.
Қазақстандық файтер UFC ұйымының елімізде турнир өткізуі мүмкін екені туралы ақпаратқа да тоқталып, алғашқы жарыстың басты жекпе-жегіне шығуға дайын екенін жеткізді.
«Әзірге менде ешқандай ақпарат жоқ. UFC турнирі Қазақстанда өте ме, жоқ па, оны да білмеймін. Қазірше мұның бәрі қауесет қана. Нақты күні немесе қай қалада өтетіні туралы ештеңе естіген жоқпын.
Қазір мен үшін ең маңыздысы – алдағы жекпе-жекке дайындалып, жеңіске жету. Одан кейін көре жатармыз. Егер UFC шынымен Қазақстанда турнир өткізіп, маған басты жекпе-жекке шығуды ұсынса, бұл керемет болар еді», – деді спортшы.
Айта кетейік, 19 қарашада Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов UFC ұйымымен 2027–2028 жылдары елімізде турнир өткізу жөніндегі келіссөздер жалғасып жатқанын хабарлады. Талқылау нәтижелері қараша айының соңында жариялануы мүмкін.
Еске салайық, 21 қарашада Асу Алмабаев (24-3) Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде Bellator және Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы Кёдзи Хоригутимен (36-6) кездеседі.
Жекпе-жек аса жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді.