«Альмерия» мен «Малага» Ла Лига жолдамасы үшін таласады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Малага» ФК

Фото: «Малага» ФК

«Альмерия» мен «Малага» Сегунда плей-оффының финалына шығып, 2026/27 жылғы маусымда Ла Лигада өнер көрсетуге мүмкіндік беретін соңғы жолдаманы сарапқа салады.

Екі команда да жартылай финалдық кезеңде қарсыластарынан басым түсті. «Альмерия» екі матч қорытындысы бойынша «Кастельонды» жеңді. Алғашқы кездесу 1:1 есебімен аяқталса, жауапты ойында «Альмерия» 3:2 есебімен басым болды.

Өз кезегінде «Малага» «Лас-Пальмасты» жарыс жолынан шығарды. Бірінші матчта 1:0 есебімен жеңіске жеткен олар қарымта кездесуде 1:1 есебімен тең түсіп, финалға жолдама алды.

Финалдық кездесу екі матчтан тұрады. Алғашқы ойын 15 маусымда өтсе, жауапты кездесу 21 маусымға жоспарланған.

Жарыс регламентіне сәйкес, егер екі матч пен қосымша уақыт қорытындысында жеңімпаз анықталмаса, Ла Лига жолдамасы Сегунданың тұрақты маусымындағы турнирлік кестеде жоғары орын алған командаға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Сегунданың чемпионы атанған «Расинг» (Сантандер) пен «Депортиво» (Ла-Корунья) тікелей жолдамамен Ла Лигаға көтерілген болатын. Ал 2025/26 жылғы маусым қорытындысы бойынша элиталық дивизионнан «Мальорка», «Жирона» және «Овьедо» командалары шығып қалды.