Басты бет
·
Футбол

Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа стадионның жобасы таныстырылды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: almaty qurylys

Фото: almaty qurylys

Қазақстандық Etnomura компаниясы Алматыда салынатын жаңа футбол стадионының архитектуралық тұжырымдамасын таныстырды.

Жобаның негізгі ерекшелігі – қазақтың дәстүрлі киіз үйінің керегесінен шабыт алған сәулеттік шешім. Стадионның қасбеті бір-бірімен қиылысатын геометриялық сызықтардан тұратын металл құрылыммен қапталады. Ол ғимараттың негізгі әйнектелген бөлігінің алдына орнатылады.

Жобаның бас жобалаушысы – Қазақстанның құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты. Ал жұмыс құжаттамасын әзірлеумен DNT Project компаниясы айналысады.

Тұжырымдамаға сәйкес, трибуналардың негізгі құрылымы темірбетоннан, ал шатырдың тірек конструкциялары болаттан жасалады. Мұндай шешім Алматының сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқанын ескере отырып қабылданған.

Жаңа стадион Құлжа және Талғар тасжолдары маңында бой көтереді. Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылысқа шамамен 32 гектар жер бөлінген.

Бастапқыда аренаның сыйымдылығы 35 мың орын деп жоспарланған. Кейін бұл көрсеткіш 45 мың көрерменге дейін ұлғайтылды.

Футбол алаңының өлшемі 105×68 метр болады. Жоба бойынша табиғи шөп пен синтетикалық талшықты біріктіретін гибридті көгал төселеді.

Стадионда жеңіл атлетика жолақтары болмайды. Соның арқасында трибуналар футбол алаңына барынша жақын орналастырылады.

Төрт қабатты спорт кешенінде жерасты автотұрағы, медициналық кабинеттер, музей, фуд-корт, кеңселер, техникалық бөлмелер, спорт залдары мен жаттығу алаңдары қарастырылған.

Сондай-ақ келушілер үшін жеке жаяу жүргіншілер жолдары, кіреберістер мен қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.

Жаңа арена УЕФА-ның төртінші санаттағы стадиондарға қоятын талаптарына сәйкес келеді деп жоспарланған.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында инженерлік-геологиялық зерттеулер мен қадаларды сынау жұмыстары жалғасып жатыр. Іргетонды бетондау жұмыстары техникалық қорытындылар алынғаннан кейін басталады.

Бұған дейін Алматы қаласының билігі жаңа стадион құрылысын 2028 жылдың наурызында аяқтау жоспарланғанын хабарлаған болатын.

Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа стадионның жобасы таныстырылды – sport-hub