Алматыда жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайтын теннис турнирі өтті

ҚТФ
Алматыдағы Gorky Tennis Park корттарында жас теннисшілер мен ересек әуесқойлар бас қосқан «Снежный Барс Cup 2026» U18 турнирі өтті. Жарыста қатысушылар жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені сарапқа салды.
Жарыстың басты ерекшелігі – жұптық форматта өтуі. Әр жұпта 18 жасқа дейінгі жас теннисші мен ересек әуесқой өнер көрсетті. Мұндай формат жас спортшыларға қосымша ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік берсе, әуесқойлар кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген жас теннисшілермен бірге ойнады.
«Снежный Барс» турнирінің тарихы 2018 жылдан басталады. Қазіргі жасөспірімдер буыны үшін бұл жарыс тоғызыншы рет ұйымдастырылды. Ал кіші жас санаттарына арналған бөлек бағыттарды қоса есептегенде, жоба биыл 13-рет өткізілді.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті әрі Gorky Tennis Park басшысы Ардақ Әбижанов турнирдің негізгі мақсаттарының бірі теннис қауымдастығын қалыптастыру екенін атап өтті.
«Біз үшін теннис клубы адамдар жаттығуға келетін жай ғана орын болмағаны маңызды. Мұндай турнирлер нағыз теннис қауымдастығын қалыптастырады. Мұнда жасөспірімдер, кәсіби спортшылар және көп жылдан бері ойнап жүрген әуесқойлар кездеседі. Жас спортшылар ересектермен араласу және бірге ойнау тәжірибесін алады, ал әуесқойлар теннистен мүлде басқа эмоцияға бөленеді. Дәл осындай жобалардың арқасында ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, теннис мәдениеті дамиды», – деді Әбижанов.
Жарыс Masters және Futures санаттары бойынша өтті. Masters санатында Арсений Требухин мен Абай Шайкенов жеңімпаз атанды. Екінші орынға Родион Лукашов пен Әділ Мушекбаев ие болса, Ахмеджон Тошмухамедов пен Валентин Когай үшінші орын алды.
Masters жеңімпазы Абай Шайкенов жас теннисшілердің ойын қарқыны жоғары екенін атап өтті.
«Жасөспірімдермен ойнау өте қызық. Олардың жылдамдығы мен энергиясы мүлде бөлек, әр доп үшін бар күшін салады. Бір сәтте жас айырмашылығын ұмытып, сол қарқынға ілесуге тырысасың. Меніңше, турнирдің басты идеясы да осында: біз әртүрлі буын өкілдері болғанымызбен, бір кортқа шығып, бір тілде – теннис тілінде сөйлесеміз», – деді Шайкенов.
Futures санатында бірінші орынды Сухроб Саидов пен Лев Ким иеленді. Күміс жүлде Кирилл және Валерий Папертныйларға бұйырса, үшінші орын Абдулходим Хосилов пен Мұхтар Жәнсейітовке берілді.