«Андерлехт» бапкері Бруну «Қайратпен» Еуропа лигасындағы матчқа дайындық туралы айтты

Фото: «Андерлехт» ФК / Nieuwsblad
«Андерлехт» клубының бас бапкері Витор Бруну команда «Қайратқа» қарсы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алуды көздеп отырғанын айтты. Бұл туралы Nieuwsblad хабарлады.
Бельгиялық клуб Қазақстанға алдын ала келді. Команданың Алматыға ұшуы шамамен 9,5 сағатқа созылатындықтан, жаттықтырушылар штабы футболшылардың жергілікті жағдайға бейімделуі үшін қосымша уақыт бөлуді шешкен.
«Бұл әлі жолдың соңы емес. Енді біз мүмкіндігінше алға жылжып, Еуропа лигасына өткіміз келеді. Алматыдағы “Қайратқа” қарсы матчқа дәл осындай мақсатпен барамыз.
ПАОК-пен кездесуде біз мықты әрі талантты командаға қарсы нағыз шайқастан өттік. Допқа иелік ету кезінде де, прессинг пен контрпрессингте де өте жақсы кезеңдеріміз болды.
Қорғаныстағы ойын құрылымымыз маған ұнамады. ПАОК-ты жарыстан шығару үшін біз іс жүзінде мінсіз ойнауымыз керек еді. Мінсіз ойын болған жоқ, сондықтан өзгерістер енгізуге тура келді. Дегенмен келесі кезеңге өтуге біз толықтай лайық болдық», — деді Бруну.
«Андерлехт» ПАОК-ты қалай жеңді?
Үшінші іріктеу кезеңінде «Андерлехт» грек командасы ПАОК-ты жарыстан шығарды.
Бельгиялық клуб сырт алаңдағы алғашқы кездесуде 1:0 есебімен жеңсе, қарымта матчта 3:2 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңіне өтті.
«Қайрат» – «Андерлехт» матчтары
Алғашқы ойын:
20 тамыз Алматы
Қарымта кездесу:
27 тамыз Бельгия
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының негізгі кезеңіне, ал жеңілген команда Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады.