АПЛ ӘЧ-2026 турниріне қатысатын ойыншылар саны бойынша көш бастады

Фото: «Манчестер Сити» ФК
Ағылшын Премьер-лигасы 2026 жылғы әлем чемпионатына тіркелген футболшылар саны бойынша барлық ұлттық чемпионаттар арасында бірінші орынға шықты.
Алдағы мундиальда АПЛ клубтарының намысын қорғап жүрген 166 футболшы ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетеді. Бұл – әлемдегі барлық лигалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Екінші орында Германия Бундеслигасы тұр. Бұл біріншіліктен әлем чемпионатына 101 ойыншы қатысады. Кейінгі орындарға Испания Ла Лигасы (82 ойыншы), Францияның Лига 1 чемпионаты (81) және Италияның А сериясы (66) жайғасты.
Алтыншы орында Сауд Арабиясының Про-Лигасы орналасқан. Бұл лигадан 46 футболшы бақ сынайды. Одан кейін АҚШ-тың MLS лигасы мен Түркия Суперлигасы келеді. Екі чемпионаттан да 43 ойыншыдан қатысады. Үздік ондыққа сондай-ақ Англия Чемпионшипі (37 ойыншы) мен Нидерландтың Эредивизи чемпионаты (34) енді.
2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтпек. Турнирді 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика елдері қабылдайды.