«Арсенал» Винисиус үшін алғашқы ресми ұсынысын дайындап жатыр

Бегасыл Амирбай ··
«Реал» ФК

«Реал» ФК

Лондондық «Арсенал» мадридтік «Реалдың» шабуылшысы Винисиус Жуниорды қатарға қосу үшін алғашқы ресми ұсынысын жасауға дайындалып жатыр.

Журналист Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, «Арсенал» 26 жастағы бразилиялық футболшыға қатысты алғашқы ресми ұсынысын әзірлеуде.

Сонымен қатар, «Реал» Винисиуспен келісімшартты ұзарту бағытындағы жұмысын жалғастырып, оған жаңа ұсыныс жолдаған. Тараптар арасындағы келіссөздер бірнеше айдан бері жалғасып келеді, ал мадридтік клуб «Арсеналдың» қызығушылығынан хабардар.

Винисиусты сатып алу үшін лондондық клубқа шамамен 125 миллион фунт стерлинг төлеуге тура келуі мүмкін. Сондай-ақ, «Арсенал» бразилиялық футболшыны клуб тарихындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншы етуге дайын. Оған аптасына 470 мың фунт стерлинг көлемінде жалақы ұсынылуы ықтимал. Бұдан бөлек, Винисиусқа «Ливерпуль» мен «Манчестер Сити» де қызығушылық танытып отыр.

Еске салайық, Винисиус Жуниор 2018 жылдан бері «Реал» сапында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол мадридтік клуб құрамында 375 матчқа қатысып, 128 гол соғып, 100 нәтижелі пас берген.