Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай UFC турнирі алдында салмақ өлшеуден сәтті өтті

Фото: UFC
Қазақстандық файтерлер Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай Катар астанасы Дохада өтетін UFC Fight Night 294 турнирі алдындағы ресми салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.
Асу Алмабаев таразыда 56,9 келіні (125,5 фунт) көрсетті. Ал оның қарсыласы, жапониялық Кёдзи Хоригутидің салмағы 57,2 келі (126 фунт) болды. Екі спортшы да аса жеңіл салмақ дәрежесінің белгіленген лимитін орындап, жекпе-жекке жіберілді.
Дияр Нұрғожай мен америкалық Алик Лоренц те салмақ өлшеуден сәтті өтті. Екі файтердің де салмағы 93 келіні (205 фунт) құрады. Олар жартылай ауыр салмақта кездеседі.
Алмабаев пен Хоригути арасындағы жекпе-жек турнирдің негізгі кардында өтеді. Ал Нұрғожай мен Лоренц алдын ала жекпе-жектер бағдарламасында өнер көрсетеді.
UFC Fight Night 294 турнирінің басты жекпе-жегінде ұйымның бұрынғы чемпионы, чехиялық Иржи Прохазка мен жаңазеландиялық Навахо Стирлинг кездеседі. Екі файтер де салмақ өлшеуден сәтті өтіп, 93 келіні көрсетті.
Айта кетейік, турнирге қатысушылар арасында тек Тахир Абдуллаев белгіленген салмақ лимитін орындай алмады. Ол рұқсат етілген көрсеткіштен 0,45 келі артық тартып, гонорарының 20 пайызы көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Еске салайық, UFC Fight Night 294 турнирі 21 қарашада Дохадағы ABHA Arena кешенінде өтеді.