«Барселона» Левандовскидің орнына «Шахтер» шабуылшысын қарастыруда

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Шахтер»  ФК

Фото: «Шахтер» ФК

Донецкілік «Шахтердің» бразилиялық шабуылшысы Кауан Элиас Роберт Левандовски кеткеннен кейін шабуыл шебін күшейтуге жол іздеп жатқан «Барселонаның» қызығушылық танытқан ойыншылар ростеріне енді.

Инсайдер Экрем Конурдың хабарлауынша, украиналық клуб 20 жастағы футболшыны 40 миллион еуроға бағалап отыр. Элиасқа «Барселонадан» бөлек түркиялық «Галатасарай» және Еуропаның тағы бірнеше клубы қызығушылық танытуда.

Бразилиялық футболшы маусым соңында клубтан кететінін жариялаған 37 жастағы шабуылшы Роберт Левандовскидің орнына қарастырылып жатыр.

Осы маусымда бразилиялық форвард «Шахтер» сапында 36 матч өткізіп, 11 гол соқты және жеті нәтижелі пас берді. Transfermarkt мәліметі бойынша, футболшының нарықтағы құны 15 миллион еуроны құрайды.

37 турдан кейін «Барселона» 94 ұпай жинап, Ла Лига турнирлік кестесінде көш бастап тұр. Бұған дейін каталониялық клуб «Алавеспен» өткен матчтан кейін (0:1) мерзімінен бұрын Испания чемпионы атанған еді.