Зайнутдинов өнер көрсететін «Динамо» РПЛ маусымын жетінші орында аяқтады

Бегасыл Амирбай ··
Фото:  «Динамо» ФК

Фото: «Динамо» ФК

Мәскеулік «Динамо» Ресей чемпионаты маусымының соңғы ойынын «Балтикаға» қарсы өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 30 турдың қорытындысы бойынша Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсететін команда 45 ұпай жинап, РПЛ турнир кестесінде жетінші орынға тұрақтады.

Қорытынды турдағы матчта Артур Гомес пен Константин Тюкавин гол соғып, көзге түсті. Алаң иелері сапынан жалғыз голдың авторы Дерик Ласерда болды. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов матчты қосалқы құрамда бастағанымен, алаңға шықпады.

Биылғы маусымда 27 жастағы футболшы мәскеулік клуб сапында 10 ойынға қатысты. Ол чемпионаттың басым бөлігін жарақатына байланысты өткізіп алып, 2025 жылдың қазан айынан бері ойнамады.

«Динамоға» ауысқанға дейін Зайнутдинов түркиялық «Бешікташ», ресейлік ЦСКА мен «Ростов» клубтарында өнер көрсетті. Ал Қазақстанда «Тараз» бен «Астананың» намысын қорғаған.

Қазақстан футбол құрамасы сапында Бақтиер өзі қатысқан 44 матчта 14 гол соғып, ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атағына ие.