Максим Самородов алғаш рет РПЛ матчының үздік ойыншысы атанды

Максим Самородов Ресей Премьер-лигасында алғаш рет матчтың үздік ойыншысы атағына ие болды. Қазақстан құрамасының шабуылшысы «Сочи» – «Ахмат» кездесуінен кейін арнайы марапатталды. Матч 1:1 есебімен аяқталды.
Қазақстандық футболшы нәтижелі паспен көзге түсті. 85-минутта оның бұрыштамадан асырған добынан кейін Клисман Цаке есеп ашты. Алайда грознендік клуб жеңісті есепті сақтап қала алмады. 88-минутта «Сочи» сапында Мартин Крамарич таразы басын теңестірді.
«Екі маусым ішінде алғаш рет матчтың үздік ойыншысы марапатын алғаныма қуаныштымын», – деді Самородов.
Маусым қорытындысы бойынша құрамында тағы бір қазақстандық Ғалымжан Кенжебек өнер көрсететін «Ахмат» 37 ұпай жинап, РПЛ турнир кестесінде тоғызыншы орын алды.
Артта қалған маусымда Самородов барлық турнирде 34 ойынға қатысып, бес гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.