Самородов пен Кенжебек РПЛ-дің соңғы турында алаңға шықты

Бегасыл Амирбай ··
Самородов пен Кенжебек РПЛ-дің соңғы турында алаңға шықты

Грознендік «Ахмат» Ресей Премьер-лигасындағы биылғы маусымын «Сочиге» қарсы (1:1) тең нәтижемен аяқтады. Команданың қазақстандық футболшылары Максим Самородов пен Ғалымжан Кенжебек ойынға бастапқы құрамда шықты.

Ойын есебі 85-минутта ашылды. Гол авторы — Клисман Цаке атанды. Алаң иелері матч аяқталуға аз уақыт қалғанда Мартин Крамаричтің голы арқылы таразы басын теңестірді. Кенжебек 59-минутта алаңнан кетсе, Самородов кездесудің соңына қарай ауыстырылды.

Маусым қорытындысы бойынша «Ахмат» 37 ұпай жинап, РПЛ турнирлік кестесінде тоғызыншы орын алды. Артта қалған кезекті маусымда Самородов барлық турнирде 34 матч өткізіп, бес гол соқты және 10 нәтижелі пас берді.

Кенжебек «Елімайдан» ауысқаннан кейін грознендік клуб сапында жеті матч өткізіп, бір голмен көзге түсті.

БАҚ мәліметінше, жазда футболшы Қазақстан чемпионатына қайта оралуы мүмкін.