«Жиронаны» жеңген соң Антуан Гризманн «Атлетико» жанкүйерлерімен қоштасты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Мадридтік «Атлетико» Испания чемпионатының 37-туры аясында «Жиронаны» 1:0 есебімен жеңді. Бұл матч Антуан Гризманн үшін елордалық клуб сапындағы соңғы үйдегі ойыны болды.

35 жастағы француз шабуылшысы үшін бұл кездесу «Атлетико» жейдесіндегі 500-матчқа айналды. Команда сапында өнер көрсеткен уақытта ол 212 гол соғып, 100 нәтижелі пас берген.

Матч басталар алдында Гризманн алаңға балаларымен бірге шықты. Ал ойын соңындағы ысқырықтан кейін командаластары оны иықтарына көтерді. «Метрополитано» стадионындағы жанкүйерлер болса «Аңыз» деген жазуы бар баннерді жайды.

«Мен командамен бірге не чемпиондық титулды немесе Чемпиондар лигасын жеңе алмадым, бірақ бүгінгі жеңіс мен үшін ерекше маңызды. Сіздердің махаббаттарыңызды өмір бойы жүрегімде сақтаймын. Және, ең бастысы, балаларыңызды осында ертіп келіп, оларға “Атлетиконың” қандай ұлы клуб екенін көрсеткендеріңізге рақмет. «Атлетико» — әлемдегі ең үздік клуб», — деді француз футболшысы.

2018 жылғы әлем чемпионы жазда мансабын MLS лигасында жалғастырады. БАҚ мәліметінше, француз футболшысы «Орландо Сити» клубымен келісімшартқа қол қойған.