Бибісара Асаубаева FIDE рейтингінің үздік бестігіне енді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Norway Chess

Фото: Norway Chess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы FIDE рейтингінде бесінші орынға көтерілді.

Маусым айындағы жаңартылған рейтингтен кейін 22 жастағы спортшының көрсеткіші 2537,6 ұпайға жетті. Ол 10,6 ұпай қосып, бірден екі сатыға жоғарылады.

Осылайша Бибісара алғаш рет әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді.

Рейтингтің көш басында қытайлық Хоу Ифань тұр. Оның еншісінде 2596 ұпай бар. Одан кейін Лэй Тинцзе (2566) мен қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь (2559,6) орналасқан. Төртінші орында тағы бір қытайлық шахматшы Чжу Цзиньэр (2549,6) келеді.

Қазақстанның тағы бір өкілі Алуа Нұрман әлемдік рейтингте 27-орында тұр. Оның активінде 2435 ұпай бар. Соңғы бір жылда қазақстандық шахматшы рейтингін 96 ұпайға жақсартқан.

Ал Меруерт Камалиденова әлемнің үздік 50 шахматшысының қатарында. Қазақстандық спортшы 2400,4 рейтингтік ұпаймен 49-орында орналасқан.